Жастарымыз жарқыраған «Жарқын болашақ» олимпиадасы. 2019 жылы 27 ақпанда Аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Казгородок орта мектебінде Республикалық «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасының аудандық кезеңі өтті. Олимпиаданың басты мақсаты: бәсекеге қабілетті жас ұрпақ тәрбиелеу. Оқушылардың мемлекеттік тілге, қазақ халқының әдебиетіне, мәдениетіне, өнеріне, ұлттық құндылықтарына деген сүйіспеншілігін арттыру, оны қастерлеуге баулу. Елбасымыздың «Рухани Жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру. «Тілші-әдебиетшілер» «Жас ғалымдар» «Жазушылар» «Сөз шеберлері» «Әнші-бұлбұлдар» атты бес конкурстан тұратын сайысқа аудан мектептерінен жалпы саны алпыс оқушы бақ сынасып, өз ара шын мықтыны анықтады. Білім бөлімінің бас маманы Ақшалова Ақкенже Төлеубайқызы аудандық тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Искакова Гүлайым Абжанқызы білім бөлімінің әдіскерлері Абуов Руслан Ғалымұлы мен Дюсенова Асемгүл Құсайынқызы және аудан мектептерінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері өнерпаздарға өздерінің әділ бағаларын беріп, «Жарқын болашақ» олимпиадасының жоғары деңгейде өткізілгенін атап өтті. Өз номинацияларында жүзден жүйрік шыққан оқушылар облыстық кезеңге жолдама алды. Үздік деп танылған оқушыларға облыстық кезеңде де сәттілік жолдас болсын демекпіз!