Бүгін Біржан сал ауданының мектептерінде «Сыңғырла, соңғы қоңырау!» атты салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға ауданымыздың қадірлі азаматтары құттықтау үшін арнайы барып қатысты. Степняк қаласындағы Абай атындағы №2 қазақ орта метебінде өткен салтанатты мерекелік шараға аудан әкімі: Нұғыманов Ермек Бекенұлы, аудан әкімінің орынбасары; Сабиров Ерсайын Теңдікұлы, аудандық білім бөлімінің басшысы: Абдикенов Руслан Қазбекұлы, «Еңбекшілдер жаршысы» газетінің бас редакторы: Устянцев Василий Викторович, Степняк қаласының әкімі: Жомартов Өміртай Өсербайұлы қатысты. Аудан әкімі Нұғыманов Ермек Бекенұлы жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып жүрген ұстаздар қауымына шын жүректен алғысын айтып, жас түлектерді бүгінгі соңғы қоңырау мерекесімен құттықтап, ақжолтай батасын берді. Мектеп тарапынан оқу жылын үздік аяқтаған, қоғамдық және спорттық іс-шараларға белсене қатысып, жоғары жетістікке жеткен оқушылар мақтау грамоталарымен марапатталды. Соңғы қоңырау соғу рәсімі 11-сынып оқушысы Баймуханова Камилла және 1-сынып оқушысы Ғалым Марғұланға берілді. Салтанатты жиын соңында 11-сынып оқушылары мен келген қонақтар мектеп жанындағы баққа ағаш көшеттерін отырғызып, естелік фотосуретке түсті. Жалпы 2019 жылы ауданымызда 91 мектеп бітіруші түлек болса, 58 түлек Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға қатысады. Олардың ішінде 4 түлек үздік аттестатқа үміткер.