2019 жылы 12 маусым күні қаламыздың қос білім ордасынан қияға қанат қағып түлеп ұшқан түлектерге аттестат тапсыру шарасы салтанатты жағдайда аталып өтті. Кеше ғана тұлымдары желбіреп, жүректері лүпілдеп, мектептің табалдырығын аттаған оқушылар, талабымен таудай болып шығып, құжаттарын қолдарына алды. Үлкен өмірге қанат қаққан түлектер үшін бұл күн толқуға да, қуанышқа да толы болды. Мерекелік жиынды құттықтау сөзбен бастаған аудан әкімі Ермек Нұғыманов жас түлектерді мерейлі қуаныштарымен құттықтап, ақ жол тілеп,ерекше үлгідегі аттестатты 4 мектеп бітірушіге табыстады. №1 мектептің директоры Бочковский Александр Владиславович және Абай атындағы №2 қазақ орта мектептің директоры Шәкіров Нұрбек Аманжолұлы егеменді еліміздің үкілі үміттеріне сәт-сапар тілеп, жарқын болашақтың жаршыларын ел игілігіне қызмет етуге және қалаған оқу орындарына түсуіне тілектестігін білдіре отырып, аттестаттар табыстады. Ата-аналар атынан Аяпбергенов Ерлан Ермекұлы ортаға шығып, түлектерге жүрекжарды тілегін айтып, құттықтау сөздерін арнады. Ал мектеп бітірушілер тарапынан жас түлек Тигунова Алина өлең жолдарын оқып, ерекше үлгідегі аттестат иегері Баймұханова Камилла ұстаздар қауымына алғысын жаудырды. Салтанатты кештің сәнін түлектердің дәстүрлі соңғы вальсі келтірді. Ал би соңында түлектер ақ шарлар ұшырып, естелік суретке түсіп жатты. Думанды кеш Ұлы Отан Соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қоюмен аяқталды. Осылайша, көңілдерінде мол арманы бар жас түлектер қызығы мен қуанышы қатар жүретін өмір атты өзеннің ағысына ілесті.