2019 жылы 28 тамыз күні Біржан сал атындағы мәдениет үйінде «Келешекке – кемел біліммен!» атты қала және аудандық білім беру ұйымдары қызметкерлерінің дәстүрлі Тамыз кеңесі өтті. Тамыз педагогикалық кеңесі таңертеңгі секциялар жұмысынан басталып, түстен кейін пленарлық кеңеспен жалғасты. Аталған шарада біраз мәселелер көтеріліп, өңірдің білім беру саласын жетілдірудің жолдары талқыланды. Заман талабына сай білім беруде ұстаздар қауымының жұмысы өте жоғары жауапкершілікті талап етеді. Сол міндетті абыроймен атқару үшін талмай еңбек ету керек. Түпкі мақсат: ол – оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беру. Бәсекеге қабілетті, дарынды жастарды тәрбиелеу –бәріміздің басты міндетіміз. Жылдағы дәстүр бойынша Біржан сал ауданының "Білім бөлімі" мемлекеттік мекемесінің басшысы Абдикенов Руслан Қазбекұлының баяндамасымен басталған шара, Ақмола облысы Білім басқармасының атынан құттықтау үшін арнайы келген қонағымыз Бекбаев Кенжебай Айдосұлының барша ұстаздар қауымын шын жүректен құттықтауымен жалғасын тапты. Өз кезегінде ұстаздар қауымын атаулы мерекемен аудан әкімі Нұғыманов Ермек Бекенұлы құттықтап, Біржан сал ауданының мерейтойлық медалімен, сондай-ақ Алғыс хатпен және ҚР Білім және Ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен көп жылғы еңбегі және білім беру жүйесін дамыту мен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі мен жеткен жетістіктері үшін бірқатар білім саласының қызметкерлері мен ардагерлерін марапаттап, естелік сыйлықтар табыс етті. Ауданымыздың талантты, жалынды жастарына сапалы білім беріп жүрген ұлағатты ұстаздар еңбектеріне табыс тілейміз.