Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған тәрбие сабағы. Мамай негізгі мектебінің 5-7-сынып оқушыларының қатысуымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Қойшыбай Ермұраттың ұйымдастыруымен «Абай әлемі – шексіз әлем» атты тәрбие сағаты өтті. Тәрбие сағатында ұлы ақынның мол рухани мұрасы дәріптеліп, кейбір туындылары талданды. Атап айтқанда, «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін оқушылар екі топта «жақсы», «жаман» ұғымдарына жіктеді. Іс-шараға қатысушылар Абай Құнанбайұлының «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы» әндерін шырқады. Мұғалім ұлы ойшылдың он сегізінші қара сөзін нақышына келтіре, мәнерлеп оқып беріп, оқушыларға осы қарасөздегі «ақыл», «ғылым», «ар», «мінез» ұғымдарына анықтама беруді ұсынды. Қатысушылар мен көрермендер ұлы ақын мұрасынан рухани ләззат алып тарқасты.